Menu

Қазақстанға 344 млн доллар инвестиция тартылды: Алматы облысында жаңа сусындар зауыты ашылды

1 қазан күні Алматы облысының Боралдай ауылында Carlsberg Kazakhstan компаниясының 344 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестициясы негізінде салынған алкогольсіз сусындар өндіретін жаңа зауыттың ашылу салтанаты өтті. Іс-шара ҚР Сыртқы істер және Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасарлары, Алматы облысының әкімі, Дания Корольдігінің сыртқы істер министрі және сондай-ақ Carlsberg Group пен PepsiCo компанияларының өкілдерінің қатысуымен өтті.

Қазақстанның өндірістік секторына салынған ірі инвестиция
 
Жаңа зауыт Carlsberg Group пен PepsiCo арасындағы стратегиялық серіктестік аясында Қазақстан мен Қырғызстан нарықтарына арналған сусындар өндіреді.
 
Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін жылына шамамен 1 млрд литр сусын өндіре алады. Жоба 230-дан астам тікелей жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зауыт қаптама өндірісі, логистика, қойма, дистрибуция, қызмет көрсету және болашақта ауыл шаруашылығы салаларында қосымша сұраныс қалыптастырады.
 
Жергілікті экономиканы қолдау
 
Жергілікті тауарларды сатып алу, жеткізушілерді дамыту және импортты алмастыру — жобаның негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта Carlsberg Kazakhstan сатып алатын жергілікті тауарлардың  үлесі 71,5%-ды құрайды.
 
Компания отандық жеткізушілерден арпа, бидай, алюминий банкаларын, картон қаптамаларды және шыны бөтелкелерді сатып алады. Жоба аясында компания Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы жергілікті жеткізушілермен және өндірушілермен ынтымақтастық орнатуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту», – деп алдымызға нақты міндеттер қойған. Экономиканың өркендеуі ең алдымен елдің әр өңіріндегі жүзеге асып жатқан нақты жобалардан көрінеді. Сондықтан өндірісті дамыту мен инвестиция тарту біздің өңіріміз үшін де маңызды бағыттардың бірі болып отыр», —  деді жиында болған Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов. 

Оның сөзінше, өндірістің іске қосылуы өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және бәсекеге қабілетті өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік береді. 
 
Серіктестер не дейді?
 
Carlsberg Group бас директоры Якоб Ааруп-Андерсен зауыттың ашылуын компанияның Қазақстандағы ұзақ мерзімді жоспарлары мен Орталық Азиядағы бизнесін дамытудағы маңызды кезең деп атады.
 
«Бұл — біздің Қазақстан алдындағы ұзақ мерзімді міндеттемелерімізді жүзеге асырудағы маңызды кезең және Орталық Азиядағы бизнесімізді дамытудағы елеулі қадам. Біз тұтыну тауарлары секторындағы әлемдегі жетекші компаниялардың бірі PepsiCo-мен ынтымақтастығымызды мақтан тұтамыз», — деді ол.
 
Оның айтуынша, мұндай көлемдегі инвестициялар бизнес мемлекеттік органдардың ұзақ мерзімді серіктестікке және тұрақтылықты қамтамасыз етуге дайын екеніне сенімді болған жағдайда ғана мүмкін болады.
 
Ал PepsiCo халықаралық сусындар бөлімінің бас директоры Юджин Виллемсен зауыттың ашылуы компанияның Қазақстанға деген ұзақ мерзімді ұстанымын көрсететінін айтты.
 
«Бүгінгі ашылу PepsiCo компаниясының халықаралық бизнесіндегі сусындар санаты үшін стратегиялық маңызы бар өсу нарығы ретінде Қазақстанға деген ұзақ мерзімді ұстанымын растайды», — деді Юджин Виллемсен.
 
Қазақстан экономикасына қосқан ұзақ мерзімді үлес
 
Carlsberg Kazakhstan мемлекеттік бюджетке төленетін төлемдер көлемі бойынша елдегі 25 ірі шетелдік инвестордың қатарына кіреді және Қазақстанның азық-түлік пен сусындар өндірісі секторындағы ірі салық төлеушілердің бірі.
 
2025 жылы компания мемлекеттік бюджетке 37,5 млрд теңгеден астам салық және басқа да міндетті төлемдер аударды.
 
2024 жылы PepsiCo Алматы маңында өзінің алғашқы снек өнімдерін шығаратын зауытына 368 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салатынын жариялады. 2026 жылы кәсіпорын Lay’s картоп чипстерін өндіруді бастады. Сондай-ақ PepsiCo жергілікті фермерлермен ынтымақтастықты кеңейтіп, 2030-жылдардың ортасына қарай картоп жеткізілімдерін толықтай жергілікті деңгейге көшіруді жоспарлап отыр.
 
Құны 344 млн АҚШ долларын құрайтын жобаның жүзеге асуы Қазақстанның Орталық Азияда өндіріс пен инвестицияларды дамыту үшін тартымды алаң екенін көрсетеді.