Menu

Қазақстан футбол федерациясы мен Carlsberg Central Asia ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен «Carlsberg Central Asia» ЖШС футболды дамыту, жанкүйерлік мәдениетті қалыптастыру және елдегі футболдың танымалдылығын арттыру мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Құжатқа Қазақстан футбол федерациясының Басқарушы директоры Бекжан Сафинов пен Carlsberg Central Asia маркетинг жөніндегі вице-президенті Екатерина Потокина қол қойды.

Серіктестік аясында тараптар футболды дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асырып, жанкүйерлерге арналған жаңа бастамаларды қолға алады. Сонымен қатар маркетингтік, коммуникациялық және демеушілік жобаларды іске асыру, ҚФФ ұйымдастыратын іс-шараларды қолдау және футбол қауымдастығымен байланысты нығайту жоспарланып отыр.

Ынтымақтастық шеңберінде жанкүйерлердің қызығушылығын арттыруға, ұлттық құрамаларды қолдау мәдениетін дамытуға және спорт пен салауатты өмір салты құндылықтарын дәріптеуге бағытталған түрлі ATL, PR, Digital және BTL жобалары жүзеге асырылады.

«Бұл келісім – ірі халықаралық брендпен серіктестікті жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Бірлескен жобалар арқылы футбол жанкүйерлеріне жаңа мүмкіндіктер ұсынып, елімізде футболдың дамуына қосымша серпін бере аламыз деп сенеміз. Бұл ҚФФ қызметінің басым бағыттарының бірі», – деді Бекжан Сафинов.

Өз кезегінде Carlsberg Central Asia маркетинг жөніндегі вице-президенті Екатерина Потокина футболды қолдау Carlsberg Group компаниясының көпжылдық дәстүрінің бір бөлігі екенін атап өтті.

«Футбол – адамдарды біріктіретін ерекше құбылыс. Carlsberg компаниясы ондаған жылдар бойы әлемдік футболды қолдап келеді. Біз Қазақстан футбол федерациясымен серіктес атанып, еліміздегі футбол мәдениетін дамытуға, жанкүйерлер үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға және спорттық құндылықтарды насихаттауға үлес қосуға қуаныштымыз», – деді Екатерина Потокина.

Carlsberg Group компаниясы футболды қолдауды өзінің жаһандық серіктестік стратегиясының маңызды бағыты ретінде қарастырады. Компанияның футболмен серіктестік тарихы 1988 жылдан басталып, бүгінгі күні әлемдік спорттағы ең ұзақ әрі табысты ынтымақтастықтардың біріне айналды. Осы жылдар ішінде бренд көптеген халықаралық футбол турнирлері мен жобаларына қолдау көрсетіп, футболдың кеңінен дамуына және жанкүйерлер мәдениетінің қалыптасуына үлес қосып келеді.

Қазақстан футбол федерациясымен жасалған келісім де осы дәстүрдің жалғасы. Тараптар футболдың танымалдылығын арттыруға, жанкүйерлер қауымдастығын дамытуға және елдегі футбол мәдениетін нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.